Палестина туына қатысты дау: Грузияда «Бешикташ» жанкүйерлері ұсталды
Грузияның Батуми қаласында УЕФА Еуропа лигасы аясында өткен түркиялық «Бешикташ» пен израильдік «Хапоэль Беэр-Шева» арасындағы матч кезінде жанкүйерлер мен полиция арасында қақтығыс болды. Құқық қорғау органдары жанкүйерлерге қарсы бұрыш газын қолданған. Оқиғаға байланысты кездесу шамамен 30 минутқа тоқтатылды.
26 қарашада Batumi Arena стадионында өткен кездесудің бірінші таймының ортасында «Бешикташ» жанкүйерлері отырған секторда қақтығыс басталды. Бас төреші ойынды тоқтатып, екі команданың футболшылары мен төрешілер бригадасы алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, грузин полициясы жанкүйерлер Палестина туын ілуге әрекеттенгеннен кейін араласқан. Сондай-ақ трибунада Израильге қарсы ұрандар айтылған. Полиция бұрыш газын қолданғаннан кейін бірнеше жанкүйерге медициналық көмек қажет болған.
УЕФА мәліметінше, полиция мен жанкүйерлер арасындағы қақтығысқа дейін «Бешикташ» жанкүйерлері отырған секторда фанаттардың өзара жанжалы болған. Ұйым стадиондағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жергілікті биліктің құзыретінде екенін атап өтті.
Грузияның Ішкі істер министрлігі Батумидегі тәртіпсіздіктерден кейін 16 адамның ұсталғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, үш полиция қызметкері жарақат алған.
Грузия билігінің нұсқасы бойынша, қоғамдық тәртіпті бұзу «Бешикташ» жанкүйерлерінің қала көшелерімен шеруі кезінде басталған. Жанкүйерлер түрлі заттарды лақтырып, құқық қорғау органдарының талаптарына бағынбаған және полиция қызметкерлерімен қақтығысқан.
Министрлік тәртіпсіздіктер стадионда да жалғасқанын, жанкүйерлердің инфрақұрылымды бүлдіріп, полиция қызметкерлеріне қарай орындықтар лақтырғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар Грузия ІІМ полицияның араласуына Палестина туының көрсетілуі ғана себеп болды деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, қақтығыс Палестина рәміздері пайда болғанға дейін басталған.
«Бешикташ» футбол клубы грузин полициясының әрекетіне байланысты ресми мәлімдеме жасап, жанкүйерлерге шамадан тыс күш қолданылғанын жеткізді.
«Грузияның Батуми қаласында „Хапоэль Беэр-Шевамен“ өткен кездесу алдында және матч барысында жанкүйерлерімізге шамадан тыс күш қолданған қауіпсіздік қызметкерлерінің әрекетін қатаң айыптаймыз. Оқиғадан зардап шеккен жанкүйерлерімізге қолдау білдіреміз», – делінген клуб мәлімдемесінде.
Клуб басшылығы жанкүйерлердің стадионға кіруі кезінде де қиындықтар туындағанын хабарлады. Осыған байланысты клуб өкілдері УЕФА делегатымен байланысып, стадионның эвакуациялық қақпаларын ашуға қол жеткізген.
«Бешикташ» оқиғаның мән-жайын анықтау үшін УЕФА және Түркияның Батумидегі бас консулдығы арқылы тиісті шараларды қолға алғанын мәлімдеді.
Түркия футбол федерациясы да грузин полициясының әрекетін айыптады. Оқиғаны Түркияның ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи мен оның грузиялық әріптесі Сулхан Тамазашвили телефон арқылы талқылады.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Бешикташ» клубының президенті Сердал Адалымен сөйлесіп, жағдайды жіті бақылап отырғанын жеткізген. Сондай-ақ мемлекет басшысы оқиғадан зардап шеккен жанкүйерлерге қолдау білдірген.
Клуб басшылығы барлық жанкүйері Түркияға аман-есен оралғанға дейін жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
«Бешикташ» пен «Хапоэль Беэр-Шева» арасындағы кездесу қауіпсіздік мәселелеріне байланысты Ыстанбұлдан Батумиге ауыстырылған. Екі тарап матчты Грузиядағы бейтарап алаңда өткізуге келіскен.
Шамамен жарты сағаттық үзілістен кейін ойын қайта жалғасып, «Бешикташ» израильдік клубты 2:1 есебімен жеңді.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қараша, 26
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
27 қараша 2026