Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Апатты үйлердің орнына жаңа баспана салынады: үкімет жоспары қандай

kz.kursiv.media

Апатты үйлердің орнына жаңа баспана салынады: үкімет жоспары қандай

Қазақстанда 2029 жылға дейін 895 апатты және тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйді бұзып, орнына жаңа баспана салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 11 319 пәтер иесі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Үкімет дерегінше, өңірлік жол карталарына сәйкес, 2029 жылға дейін республика бойынша барлығы 1 429 көппәтерлі үйді бұзу көзделген. Осылайша, 26 972 меншік иесін жаңа баспанамен қамту жоспарланып отыр. Төрт адамнан тұратын отбасының орташа құрамын есептегенде, бұл шамамен 108 мың азаматқа тең.

Алайда әзірге жоспарланған тұрғын үй иелерінің бір бөлігі ғана жаңа баспанаға қол жеткізеді. Үкімет мәліметінше, 895 үйді бұзып, орнына жаңа тұрғын үй салу арқылы 11 319 пәтер иесін немесе шамамен 45 276 адамды көшіру жоспарланған. Бұл қоныс аударуға жататын меншік иелерінің шамамен 42%-ын қамтиды.

Олжас Бектеновтің жауабына сәйкес, 2023 жылдан 2026 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда 352 көппәтерлі тұрғын үй бұзылып, 444 жаңа үй салынған. Соның нәтижесінде 6 155 меншік иесі, яғни шамамен 24 620 азамат жаңа баспанамен қамтамасыз етілген.

Үкімет апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту жұмыстарын өңірлік жол карталары арқылы жүргізіп жатыр. Бұл құжаттарда тұрғындарды көшіру көлемі мен мерзімі, ескі үйлерді бұзу және жаңа баспана салу кезеңдері белгіленген.

Бұған қоса, 2026 жылғы 9 қаңтарда «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға тұрғынжайды реновациялауға қатысты 116-1-бап енгізілген. Онда пәтер иелеріне «бөлме орнына бөлме» қағидаты бойынша жаңа баспана беру көзделген. Сондай-ақ реновацияға енгізілген үйді бұзу үшін барлық меншік иесінің келісімі қажет.

«Реновациялау объектілерінің тізбесін жергілікті атқарушы органдар егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы шеңберінде айқындайды. Ал бағдарламаларды іске асыру жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады», – делінген Үкімет жауабында.

Депутаттар реновация жұмыстарының орындалуын бақылау үшін бірыңғай жол картасын бекітіп, оның жүзеге асырылуы туралы тоқсан сайын есеп беруді ұсынған. Алайда Үкімет мұндай қосымша құжат әзірлеудің қажеті жоқ деп есептейді.

Олжас Бектеновтің айтуынша, өңірлерде жол карталары қазірдің өзінде бар. Олардың орындалуын уәкілетті мемлекеттік органдар тұрақты бақылап отыр. Ал тағы бір үйлестіру органын құру қолданыстағы тетіктерді қайталап, шешім қабылдау процесін күрделендіруі мүмкін.

Үкімет реновация жұмыстарының қарқыны көбіне жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне және жеке инвестиция тартуға байланысты екенін де атап өтті. Өңірлерде тұрғын үйді жаңартумен қатар инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандар салу сияқты міндеттер де бар.

Жеке инвесторларды тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке ұқсас тетік те қарастырылған. Бұл модель бойынша инвестор өз қаражатына жаңа үй салып, оны пайдалануға береді. Кейін шартта белгіленген міндеттемелерді орындаған соң, келесі жобаны жүзеге асыру үшін келісілген жер учаскесіне құқық ала алады.

Үкіметтің мәлімдеуінше, бұл тәсіл реновацияға жеке инвестиция тартуға және жергілікті бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: Астанада 2030 жылға дейін сүрілетін үйлердің тізімі бекітілді

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
27 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар