Көлікке арзан қосалқы бөлшек орнатудың қандай қаупі бар
Арзан қосалқы бөлшек көлікке қалай зиян келтіруі мүмкін?
Автокөлікті жөндегенде арзан қосалқы бөлшекке басымдық беру бастапқыда тиімді көрінуі мүмкін. Алайда сапасыз балама нұсқалар бірнеше мың шақырымнан кейін істен шығып, көлік иесін қайтадан жөндеу шығынына ұрындыруы ықтимал. Оның үстіне, кейбір бөлшектердің сыртқы көрінісі түпнұсқадан еш айырмашылығы болмаса да, техникалық қасиеттері мүлде басқа болуы мүмкін.
ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершов сапасыз аналогтардың негізгі кемшіліктері материал үнемдеуден және өндіріс технологиясының сақталмауынан туындайтынын айтады.
Мысалы, резеңке қоспалар аязда қатайып, ыстықта жарылуы мүмкін. Ал қажетті термиялық өңдеуден өтпеген металл жүктеме кезінде микрожарықтармен зақымданады. Сонымен қатар бөлшек өлшемдерінің түпнұсқа талаптарынан аз ғана ауытқуы оны дұрыс орнатуға кедергі келтіреді.
Сарапшы мұндай айырмашылықтың әсіресе күрделі техникалық тораптарда қауіпті екенін атап өтті. Мысал ретінде гидравликалық толтырмасы бар сайлентблокты келтіреді.
Түпнұсқа бөлшектің ішінде жоғары жиілікті тербелістер мен дірілді бәсеңдететін арнайы сұйықтық толтырылған қуыс болады. Ал кейбір сапасыз аналог өндірушілері технологияны арзандату үшін оның орнына тұтас резеңке қолданады.
«Сырттай қарағанда бөлшек түпнұсқамен бірдей болуы мүмкін, бірақ физикалық қасиеттері мүлде өзгереді. Ол қажетті жиіліктегі тербелістерді бәсеңдете алмайды. Соның салдарынан көлік шанағына діріл беріліп, тірек пен оған жақын орналасқан тораптар тезірек тозады», – дейді Константин Ершов.
Арзан аналогтардың тағы бір мәселесі – кепілдікке қатысты даулар. Бөлшек орнатылғаннан кейін қысқа уақыт ішінде істен шықса, дүкен, автосервис және өндіруші бір-біріне жауапкершілікті жүктеуі мүмкін.
Мәселен, дүкен бөлшектің дұрыс орнатылмағанын алға тартса, автосервис ақау материалдың сапасына байланысты екенін айтуы ықтимал. Ал өндіруші шағымды қараудан бас тартуы немесе мүлде жауап бермеуі мүмкін.
Нәтижесінде көлік иесі уақытын жоғалтып қана қоймай, жөндеу ақысын қайта төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан маман қосалқы бөлшекті тек бағасына қарап таңдамауға кеңес береді. Оның айтуынша, сапалы өнімді анықтауда өндірушінің беделі, сынақ нәтижелері және кепілдік міндеттемелері маңызды рөл атқарады.
Тағы да оқыңыз: Көлікке қосалқы бөлшек аларда түпнұсқасын таңдау міндетті ме – маман кеңесі
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
27 қараша 2026