Мәслихат сайлауы күні қанша учаске жұмыс істейді
29 қарашада Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Дауыс беру күні ел бойынша 10 338 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 12 млн 679 мың 459 адам енгізілген.
ОСК мәліметінше, сайлауды бақылау үшін 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттеуден өткен. Оның 13-і орталық сайлау комиссиясында, 245-і аумақтық сайлау комиссияларында тіркелген. Байқаушыларға дауыс беру барысын кедергісіз бақылауға мүмкіндік берілуі тиіс.
ОСК мүшесі Азамат Айманакумовтың айтуынша, сайлау учаскелерінің басым бөлігінде дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталады. Ал 101 учаске сағат 06:00-де ашылады.
Сайлау комиссияларының 86 мыңнан астам мүшесі оқытудан өткен. Жалпы ел бойынша сайлау процесіне қатысушыларға арналған 5 743 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 101 896 адам қатысқан.
Орталық сайлау комиссиясы азаматтарға өз сайлау учаскесін GOV.KZ платформасы, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы анықтауға болатынын еске салды. Сондай-ақ комиссия сайтында «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі жұмыс істейді.
ОСК дауыс беру күні және оның алдындағы тыныштық күні сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынатынын ескертті. Бұл кезеңде БАҚ пен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдар мен өзге де зерттеулерді жариялауға болмайды.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдарға учаскелердің дайындығын толық аяқтауды, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыруды және қолайсыз ауа райына дайын болуды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Мәслихат депутаттығына үміткерлерге қанша қаражат бөлінеді
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
27 қараша 2026