Шығыс Қазақстанда жылына 400 тонна құс етін өндіретін фабрика салынады
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында құны 5,5 млрд теңге болатын жаңа құс фабрикасының құрылысы басталды. «ALTAY QUS» серіктестігі жүзеге асыратын кәсіпорын іске қосылған соң жылына 150 млн данаға дейін жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіруге қауқарлы болады.
Ұлан ауданының Таврия ауылында «ALTAY QUS» компаниясының жаңа құс фабрикасының құрылысы басталды. Салтанатты шараға өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 5,5 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша кәсіпорын аумағында 480 мың құсқа арналған бес қора салынады. Толық қуатына шыққан кезде фабрика жылына 150 млн данаға дейін тағамдық жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіре алады.
Кәсіпорын іске қосылған соң ауыл тұрғындары үшін 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, ауданның салық базасын кеңейтуге және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
«Altai Qus» құс фабрикасы Ұлан ауданының экономикалық өсімінің жаңа нүктесіне айналып, Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосады деп сенемін», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Бұған дейін Қытай инвесторлары БҚО-дағы цемент зауытына 70,2 млрд теңге инвестиция салатынын айтқан еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
27 қараша 2026