Қазақстан құрамасының сәтсіз ойынынан кейін федерацияда кадрлық өзнерістер бола ма
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың соңғы ойындағы сәтсіз нәтижесіне байланысты жанкүйерлерге үндеу жасады. Ол команданың қазіргі көрсеткішін сынға алып, іріктеу кезеңі аяқталған соң түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Манн ең алдымен ұлттық құраманы қиын сәттерде де қолдап жүрген жанкүйерлерге алғыс білдірді. Оның айтуынша, федерация футболшылардың нәтижесіне қатысты айтылып жатқан сын-пікірлерді түсінеді.
«Соңғы ойындағы нәтиже біз үшін мүлдем сын көтермейді. Біз мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдамаймыз және Қазақстан ұлттық құрамасы мұндай төмен нәтиже көрсетпеуі тиіс деп санаймыз. Жанкүйерлердің ренішін толықтай түсінеміз және онымен келісеміз», – деді Скотт Манн.
Федерация бас хатшысы ұлттық құраманың нәтижесіне қатысты жауапкершілікті жекелеген адамдарға арта салмайтынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан футбол федерациясы қабылданған шешімдер мен отандық футболдың дамуына тікелей жауапты.
Сонымен қатар ол алдағы екі матчтан кейін ұлттық құраманың жұмысына жан-жақты талдау жүргізілетінін жеткізді. Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінің қалған ойындарында сырт алаңда Молдовамен, ал Астанада Словакиямен кездеседі.
«Іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін біз бапкерлер штабымен және Федерация басшылығымен бірлесе отырып, ұлттық құраманың жұмысына толық талдау жасаймыз. Команданың дайындығы, кадрлық шешімдер, жаттығу процесі, бапкерлер штабының жұмысы мен нәтижелері – барлығын егжей-тегжейлі қарайтын боламыз», – деді ол.
Скотт Манн тек негізгі құраманың емес, Қазақстандағы барлық жас санатындағы ұлттық командалардың жұмысы тексерілетінін айтты.
Атап айтқанда, U-15, U-16, U-17, U-19 және U-21 құрамаларының дайындығы, Техникалық орталықтың, Ұлттық құрамалар департаментінің және жас футболшыларды дамыту жүйесінің қызметі талданады.
«Біз үшін қазір не болып жатқанын ғана емес, бұл жағдайға қалай тап болғанымызды түсіну өте маңызды. Бұл өте ауқымды әрі кешенді талдау болмақ. Оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданады. Алға даму үшін ең түбегейлі әрі қатаң шешімдерге де баруға дайынбыз», – деді федерация бас хатшысы.
Ол Қазақстан құрамасының басты стратегиялық мақсаты Еуропа чемпионатына жолдама алу екенін атап өтті. Сондықтан келесі іріктеу кезеңіне дайындықты қазірден бастау қажет деп есептейді.
Сөз соңында Манн жанкүйерлердің сенімін құр уәдемен емес, нақты нәтижемен ақтау керектігін айтты.
«Біз мәселені көріп отырмыз, оған көз жұма қарамаймыз және оны шешу жолында тынымсыз жұмыс істейміз», – деп түйіндеді Скотт Манн.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында әлі бірде-бір ойында жеңіске жетпеді. Соңғы ойында Фарер аралдарымен тең түсті.
- Соңғы
- Қазан, 09
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
10 қазан 2026