Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қазақ тілінің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ - Тоқаев

kz.kursiv.media

Қазақ тілінің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің болашағына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы қазақ тілінің жасанды интеллект пен заманауи технологиялар саласында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Kursiv Media.

Президенттің айтуынша, қазақ тілі тарихтағы күрделі кезеңдер мен саяси қысымдарға қарамастан өзінің өміршеңдігін сақтап қалды. Бұған әдебиетшілер, тіл мамандары, журналистер, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым азаматтар зор үлес қосты.

«Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, цифрлық технологиялар саласында да дамып жатқанын айтты.

«Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік технологиялық компаниялардың қазақ тіліне қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, OpenAI компаниясының зерттеуіне сәйкес, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына енген.

Сонымен қатар президент Yandex компаниясының деректерін мысалға келтірді. Компания мәліметінше, оның бір өнімін қазақ тілінде пайдаланатын адамдар саны былтырдан бері 30 пайызға артқан.

«Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі», – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазақ тілінің технологиялық мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, цифрлық платформалардың қазақ тілінде қызмет көрсетуі мемлекеттік тілдің дамуына жаңа мүмкіндік береді.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ тілінің болашағына сенім білдіріп, «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді» деп атап өтті.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
10 қараша 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар