Электр көлікті қуаттау қымбаттай ма: жаңа ереже бизнесті алаңдатып отыр
Сауда және интеграция министрлігі 2026 жылғы 1 желтоқсаннан электрмен қуаттау станцияларына (ЭҚС) жаңа метрологиялық бақылау талаптарын енгізеді. Жаңа ережеге сәйкес, бұдан бұлай электромобильге берілген электр энергиясының көлемі (киловатт-сағат) ғана емес, сонымен бірге тоқтың кернеуі, күші және қуаттау уақыты да мемлекеттік реттеуге жатады.
Бұл шешім «Ақ жол» партиясы депутаттарының алаңдаушылығын тудырды. Депутаттар министрге жолдаған сауалында бұл талаптар бизнеске қосымша шығын әкеліп, соның салдарынан қуаттау тарифі қымбаттауы мүмкін екенін ескерткен.
Кәсіпкерлердің мәліметінше, станцияның бір түрін немесе топтамасын сынақтан өткізіп бекіту шамамен 2 миллион теңге тұрады. Сондай-ақ, депутаттар елімізде мұны тексеретін нақты әдістеме әлі дайын емес екенін, әртүрлі электромобильдер қуатты әртүрлі қабылдайтындықтан операторлар өздері толық бақылай алмайтын параметрлер үшін шығындануға мәжбүр болатынын айтты.
Осының кесірінен елде қуаттау станцияларының желісін кеңейту, әсіресе аймақтарда, баяулап қалуы мүмкін.
Депутаттар тек тұтынушы төлейтін іс жүзіндегі киловатт-сағат көлемін ғана бақылауды және жаңа ережелерді қолданысқа енгізбес бұрын оның анық әдістемесі мен экономикалық негіздемесін беруді сұрады.
Өз кезегінде Сауда және интеграция министрлігі жаңа бақылау тұтынушылармен адал әрі дәл есеп айырысу үшін қажет деп жауап берді.
Бензин сияқты емес, электр энергиясын мерзімді ыдыспен өлшеу мүмкін емес, ол кернеу мен ток күшін уақыт бойынша есептеу арқылы қалыптасады.
Сонымен қатар, кернеу мен ток күшін бақылау қуаттау жылдамдығын міндеттемейді және ол тек әртүрлі режимдегі есептеу дәлдігін тексеру үшін ғана қолданылады.
Министрлік 2026 жылғы 1 маусымнан бастап тиісті ұлттық стандарттар (СТ РК 2.761-2026 және СТ РК 2.762-2026) енгізілгенін және бұл тексерулер станцияны бөлшектемей-ақ өз орнында жүргізілетінін хабарлады.
Ал депутаттар атаған 2 миллион теңгелік шығын әрбір жеке станцияға емес, жабдықтың тұтас моделіне немесе сериялық топтамасына ғана қатысты.
Бұған қоса, бұл қызметті көрсететін «ҚазСтандарт» РМК бағаларын мемлекет бақылайды. Министрлік бұл бақылау тұтынушы құқығын қорғау мен қуаттау инфрақұрылымының дамуы арасындағы теңгерімді сақтайтынын жеткізді.
Қазақстандықтар соңғы уақытта көліктің жаңа түрлеріне көбірек қызыға бастады, таңдау да өзгеріп жатыр. 2026 жылдың қаңтар-тамызында елде қуатталатын гибридтер (PHEV) мен жүріс қоры ұлғайтылған электромобильдердің (EREV) сатылымы төрт есе көп өскен.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026