Қазақстанда алғаш рет тұрақты авиаотын өндіретін зауыт салынады
«ҚазМұнайГаз» америкалық KBR компаниясымен бірлесіп, Қостанай облысының Рудный қаласында Қазақстандағы алғашқы тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіретін зауыт салу жобасын іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Kursiv.Media компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылына 57 мың тонна экологиялық отын шығаруға қауқарлы кәсіпорын елдегі агроөнеркәсіп шикізатын пайдаланып, Қазақстанды халықаралық авиациялық хабқа айналдыруға жол ашпақ.
Бұл жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ төрағасы Асхат Хасенов Вашингтонда (АҚШ) өтіп жатқан B20 USA Summit 2026 алаңында америкалық KBR компаниясының аға вице-президенті Хари Равиндранмен кездесу барысында айтылды.
Тараптар Қостанай облысы Рудный қаласында Қазақстандағы алғашқы тұрақты авиациялық отын (SAF – Sustainable Aviation Fuel) өндіретін зауыт салу жобасының іске асырылу барысын талқылады.
«Жоба бойынша келісілген мерзімдердің сақталуын және оның практикалық іске асыру кезеңіне уақтылы көшуін қамтамасыз ету – біз үшін аса маңызды. ҚазМұнайГаз нақты нәтижелерге қол жеткізуге баса мән береді. Бұл ретте жобаның барлық қатысушысы үшін қажетті үйлестіруді және жүйелі өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге дайынбыз», – деді Асхат Хасенов.
Болашақ зауыттың болжамды қуаты жылына 57 мың тонна SAF, ал биоэтанол өңдеу қуаты жылына 100 мың тонна болады деп көзделген. Шикізат ретінде KFP құрамына кіретін BioOperations зауытының биоэтанолы қолданылады. PureSAF технологиясы Alcohol-to-Jet процесіне, яғни спирттік шикізаттан авиациялық керосин алу әдісіне негізделген.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМГ, KBR және «KazFoodProducts» ЖШС (KFP) ынтымақтастықтың негізгі параметрлерін, сондай-ақ PureSAF лицензиялық технологиясын пайдалануды және технологиялық жобалау пакетін әзірлеуді (Process Design Package, PDP) қамтитын келісімге қол қойған болатын.
PDP әзірлеу 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Содан кейін базалық жобалау (Front-End Engineering Design, FEED) жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026