Жолдарда ауа райы мен қозғалыс жағдайын көрсететін таблолар пайда болады
Елдегі республикалық маңызы бар жолдарда жүргізушілер ауа райы мен жолдағы жағдай туралы ақпаратты электрондық таблолардан көре алады. Қазір мұндай құрылғылар мен ақылды жол белгілері сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта 282 ауыспалы ақпараттық жол белгісі мен 142 электрондық табло орнатылған. Тағы 110 құрылғыны орнату жұмыстары аяқталуға жақын.
«Бұл құрылғылар жүргізушілерге көктайғақ, қар, қатты жел, қозғалыс шектеулері және жылдамдықты төмендету қажеттігі туралы жедел ескертуге мүмкіндік береді», – деді Дархан Иманашев.
Сонымен қатар 22 ақылы жол учаскесінде 56 лазерлік құрылғы орнатылған. Жол қоршауларына жарық шағылыстыратын элементтер қойылып, қарсы бағыттағы көліктердің жарығынан қорғайтын экрандар да қолданылып жатыр.
Бұдан бөлек, Астана – Теміртау және Алматы – Қонаев бағыттарында үздіксіз бейнебақылау жүйесі пилоттық режимде жұмыс істейді.
Жүргізушілерді ақпараттандыру үшін «ҚазАвтоЖолдың» жүйелері навигациялық платформалармен де біріктірілген. Енді жол қозғалысына қойылған шектеулер мен оның қайта ашылғаны туралы мәліметтер цифрлық карталарда жедел көрсетіледі. Ал жол жағдайы туралы ақпаратты 1403 байланыс орталығынан тәулік бойы алуға болады.
Тағы да оқыңыз: «ҚазАвтоЖол» қысқы маусымға дайын ба
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026