Жамбыл облысында оқушыларды бопсалаған жеті күдікті сотқа тартылды
Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында оқушылар арасындағы бопсалау және үш жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактілері бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп жазады Kursiv.Media.
Арнайы прокурорлардың мәліметінше, тергеу барысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында «Система» деп аталатын бейресми құрылым болғаны анықталған. Оның өзіндік иерархиясы, мінез-құлық ережелері, бағыну тәртібі және жазалау жүйесі болған.
Тергеу материалдары бопсалау әрекеттері мен үш жасөспірімнің қазасы арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін көрсеткен.
Осы іске байланысты екі күдіктіге Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі (қорқытып алу) және 105-бабы 2-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша айып тағылды. Екеуі де қамауға алынды. Тағы бес күдіктіге қорқытып алу бабы бойынша айып тағылып, оларға қатысты өзге бұлтартпау шаралары қолданылған.
Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта «Система» деп аталған бейресми құрылымның қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар прокурорлар құқық бұзушылықтарға жол берген құзыретті органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, заңбұзушылықтарға себеп болған жағдайларды жою туралы ұсыныстар енгізген. Олар қазір қаралып жатыр.
Қылмыстық іс 2026 жылғы 23 қазанда Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілген.
Айыпталушылардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады. Тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Еске салайық, биыл көктемде Қордайда сарайдан екі жасөспірімнің денесі табылғанын жазған едік. Бұл Жамбыл облысында болған бірінші жағдай емес. Былтыр тамызда Байзақ ауданында бірінен кейін бірі төрт жасөспірім өзіне қол салды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026