Алматы тұрғындарына ауа райына байланысты ескерту жасалды
«Қазгидромет» РМК 10 қараша кешкі уақыттан бастап Алматыда жауын-шашын түсіп, күн райы бұзылатынын хабарлады. Жайын-шашын 12 қарашаға қараған түнге дейін жалғасады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Болжамға сәйкес, қаланың кейбір аудандарында нөсер жаңбыр жауып, Алматының жоғарғы бөлігінде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін.
Жауын-шашынның негізгі бөлігі 11 қарашаға қараған түні түседі деп болжанып отыр. Қалада 20 мм-ге дейін, таулы аумақтарда 30 мм-ге дейін жауын-шашын болуы ықтимал. Күндіз тағы 5-7 мм жаңбыр жауады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Синоптиктер 12 қарашаға қараған түні де жаңбыр, қар жауып, тұман түсетінін болжайды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Су басу қаупі бар аумақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада жұмылдырылады. 415 техника, 97 мотопомпа және құм салынған 2 950 қап дайындалды.
Сонымен қатар қаланы күнделікті тазалау және күтіп ұстау жұмыстарына 3 080 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника тартылады.
Алматы тұрғындары мен қонақтарына қолайсыз ауа райы кезінде сақтық шараларын ұстану қажет. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтау және су жиналуы мүмкін жерлерге көлік қоймау ұсынылады. Мүмкіндігінше таулы аймақтарға бармаған жөн. Ал қатты жел кезінде ағаштардың астында, жарнама құрылымдары мен электр желілерінің маңында жүрмеген абзал.
Қалалық қызметтер ауа райына байланысты жағдайды бақылап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026