Қазақстанда 350 мыңға жуық газ баллоны 50 жылға дейін пайдаланылып келген
Қазақстанда 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40–50 жылдан бері қолданыста. Үкімет басшысы Олжас Бектенов оларды шұғыл ауыстыру қажет екенін айтып, ескі баллондарды айналымнан шығару тәртібін әзірлеуді тапсырды.
Бектеновтің айтуынша, өткен жылу беру маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты жеті оқиға тіркелген. Оның негізгі себебі – баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы.
«Оларды шұғыл ауыстыру қажет», – деді Премьер-министр.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрмыстық газ баллондарын өндіруді жолға қою тапсырылған. Қазір Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылған. Алдағы уақытта Атырау мен Алматыда да өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Ендігі кезекте ескі баллондарды жеке тұрғын үйлерде ғана емес, қоғамдық тамақтану орындарында да ауыстыру қажет.
Сонымен қатар оларды қолданыстан шығару және кәдеге жарату тәртібі әлі реттелмеген. Осыған байланысты Бектенов Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде газ баллондарын жаңарту, айналымнан алу және олардың қолданылуын бақылау тетігін әзірлеуді тапсырды.
Өңір әкімдіктері бұл жұмыстың жергілікті жерлерде орындалуын бақылауға тиіс.
Тағы да оқыңыз: Құтқарушылар өрт шыққан үйден 7 газ баллонын алып шықты
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026