Мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үйдің қымбаттауына ықпал етіп тұр - Halyk Finance
Halyk Finance сараптама орталығының талдауынша, мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар тұрғын үй нарығындағы бағаны төмендетудің орнына, керісінше, оның қымбаттауына себеп болып жатыр.
Сарапшы Арслан Ароновтың жазуынша, Ұлттық Банктің «2025 жылғы Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы туралы есебінде» ипотека саласындағы бұл алшақтық айқын көрініс тапқан. 2025 жылы банктер берген ипотеканың жалпы көлемі 16,7%-ға артып, 2,36 трлн теңгеге жеткенімен, бұл өсім тек мемлекет қолдауының есебінен болды.
Осы кезеңде жеңілдетілген ипотеканың жылдық берілімі 26,2%-ға артып, 1,67 трлн теңгені құраса, нарықтық (коммерциялық) ипотека керісінше 1,4%-ға азайып, 0,69 трлн теңгеге дейін құлдыраған.
Нәтижесінде, жаңадан берілген ипотекалық несиелердің 71%-ын мемлекеттік сектор қамтамасыз етіп, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша банктердің жалпы ипотекалық портфеліндегі жеңілдетілген несиелердің үлесі 73%-ға жетті.
Барлық банк несиелерінің ішінде ипотеканың үлесі 17,9%-ды, ал жеке тұлғаларға берілген несиелердің ішінде 29%-ды иеленеді.
Сонымен қатар, 2025 жылы Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 18%-ға дейін көтерілгеніне қарамастан, берілген ипотека бойынша орташа пайыз желтоқсанда 10,5%-ды құрап, базалық маржадан 7,5 пайыздық тармаққа төмен болды.
Регулятор бұны «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуымен түсіндірді.
ҚҚҚ мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл үрдіс одан әрі тереңдеп, орташа мөлшерлеме 10,0% деңгейінде сақталды. Осының салдарынан банктердің өз ипотекалық өнімдерінің үлесі 26,2%-дан 14,3%-ға дейін қысқарды.
«Halyk Finance» сарапшылары мемлекеттік субсидиялардың кері әсерін нарықтық заңдылықтармен түсіндіреді.
Төмендетілген пайыздар қарыз алуды арзандатып, потенциалды сатып алушылар санын және олардың баспана алуға бөлетін бюджетін ұлғайтады.
Алайда, құрылыс саласы (ұсыныс) мұндай жедел сұранысқа ілесе алмайды. Ұсыныс тапшы болғандықтан, мемлекет ұсынған жеңілдіктің қаржылық пайдасын тұтынушы емес, нарық иемденіп, жеңілдік сомасы тікелей баспананың шаршы метрінің бағасына қосылып кетеді. Мұндай экономикалық механизм халықаралық қаржы орталықтарының зерттеуінде дәлелденген: шектеулі ұсыныс жағдайында сұранысты субсидиялау тұрғын үйдің қымбаттауына әкеледі.
Ұлттық Банк өз есептерінде бұл қауіпті бұрын да атап өткен болатын. 2021 жылғы есепте реттеуші мемлекеттік бағдарламалар сұранысты жасанды түрде ынталандырып, нарықтық мөлшерлеме бойынша берілетін ипотеканы ығыстырып шығаратынын («7-20-25» және «Баспана Хит» кезеңінде) алғаш рет ресми мойындаса, 2024 жылғы есепте жеңілдетілген бағдарламалардың қайта кеңеюі нарықтық ипотеканы тағы да ығыстыру қаупін тудыратынын қайталап ескертті.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы Ұлттық Банк болжаған бұл құрылымдық проблемалардың сақталып отырғанын көрсетеді.
Коммерциялық сектордың ығысуы ипотекалық сұраныстың базалық мөлшерлеме мен ақша-кредит шарттарына сезімталдығын төмендетіп, инфляциямен күрес пен монетарлық саясаттың тиімділігін азайтады.
2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанның 18 ірі қаласының 12-сінде пәтер бағасы қымбаттады. Ал жылдық есепте 16 қалада өсім байқалды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026