Ауыр жүк көліктеріне бөлек мемлекеттік нөмір берілуі мүмкін
Қазақстанда ауыр жүк көліктерінің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына қатысты шектеу шаралары әзірленіп жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауыр жүк көліктерінің республикалық маңызы бар жолдарға шығуы алаңдатарлық мәселе. Себебі шамадан тыс салмақ жол жабынының бұзылуына әкеледі.
«Қазірдің өзінде салмағы 200 тоннадан асатын көліктердің автомобиль жолдарына шыққаны тіркелді. Атап айтқанда, салмағы шамамен 204 тонна болатын көлік болған. Мұндай салмаққа ешбір жол жабыны төтеп бере алмайтыны түсінікті. Салыстыру үшін айтсақ, бұл шамамен үш жарым теміржол вагонының салмағына тең», – деді Дархан Иманашев.
Дархан Иманашевтің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Премьер-министрдің өкімімен автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Ол жол инфрақұрылымына қатысты бірқатар мәселені, соның ішінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу жолдарын қарастырып жатыр.
«Жұмыс тобы аясында мәселені шешудің бірнеше нұсқасы ұсынылды. Біріншісі – мұндай көліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салу. Екіншісі – салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктеріне басқа түсті мемлекеттік нөмір беру. Бұл осындай көліктерді бөлек белгілеуге және олардың жолға шығуын тіркеуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Сонымен қатар көліктік бақылаудың бірқатар функциясын полицияға беру ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі ауыр жүк көліктерінің сақтандырылуын және жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығу талаптарын сақтауын қадағалай алады.
Қазір осы ұсыныстарды іске асыру жоспары әзірленіп жатыр. Оларды қараша айының соңына дейін түпкілікті келісіп, іске кірісу жоспарланған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026