Ұлттық паркте орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орман қорын молайту және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Күзгі түгендеу нәтижесінде парк филиалдарының тұқымбақтарында 458 мың 798 ағаш-бұта көшеті бар екені анықталған. Оның 77 мың 275-і стандарт талаптарына сай. Ал 2025 жылдың күзі мен 2026 жылдың көктемінде себілген тұқымдардан 69 мың 34 көшет өсіп шыққан. Олардың қатарында емен, боз арша, алма, шаған, өрік, талшын және бадам бар.
ҚАДЫР ДӘУРЕН РАХЫМБЕРДІҰЛЫ, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Орман мен өсімдіктер дүниесінің өсімін ұлғайту бөлімінің басшысы: «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде табиғи байлықтарды, биоалуантүрлілікті қорғау және сақтау жұмыстарымен қатар орман қорын молайту мен қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағытта жыл сайын жоспарға сәйкес ағаш тұқымдары дайындалып, арнайы құрылған уақытша тұқымбақтарға себіледі».
Биыл көктемде Өгем филиалында 5,7 гектар аумаққа алма мен өрік көшеттері отырғызылған. Түгендеу қорытындысы бойынша олардың сақталу көрсеткіші 88,9 пайызды құраған. Ал Сайрамсу орманшылығындағы 4,1 гектар жерге егілген жабайы алма көшеттерінің сақталу деңгейі 74,8 пайыз болған. Бұдан бөлек, 2024 жылы отырғызылған 15 гектар орман екпесінің орташа көрсеткіші 78 пайызды құраса, 2022 жылғы екпелерде бұл көрсеткіш 77,7 пайыз болған. Жыл сайынғы түгендеу жұмыстары көшеттердің жай-күйін бағалап, орманды қалпына келтіру шараларының нәтижесін анықтауға мүмкіндік береді.
АЯГӨЗ ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026