Жылыту маусымында өрт пен улы газдан көбіне зейнеткерлер қаза табады
Елдегі жылыту маусымы кезінде орын алатын өрт пен газдан уланудан қаза тапқандардың басым бөлігі зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз азаматтар. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Айтуынша, өткен жылдың талдауы көрсеткендей, жылыту кезеңіндегі өрттердің 55%-дан астамы тұрғын үй секторында, дәлірек айтқанда, жеке тұрғын үйлерде орын алады. Өрттің басты себептерінің бірі – электр құрылғылары мен пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы.
«Өрт кезінде қаза тапқандар мен улы газдан уланғандардың ең көп үлесі зейнеткерлерге және уақытша жұмыссыз азаматтарға тиесілі. Осыны ескере отырып тұрғын үй секторында тәуекелге бағытталған профилактика жүргізілуде. Мұндай жұмыс үйлердің санына қарай емес, өрттің туындау қаупінің деңгейіне қарай орындалады», – деді Мұрат Мұханов.
Оның сөзінше, үйлерді жаппай аралап, тексеру халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға мақсатты түрде жүргізіледі. Өйткені мұндай үйлерде өрттің шығу ықтималдығы мен оның салдарының ауырлығы ерекше назар аударуды талап етеді.
«Бүгінгі таңда бұл санаттағы 93 мыңнан астам үй есепте тұр. Осы жылдың тамыз айынан бастап жылыту кезеңіне дайындық аясында пешпен жылыту жүйесі мен электр жабдықтарын тексере отырып, аулаларды аралау жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Сондай-ақ әлеуметтік көмек аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт дабылқаққыштары орнатылып жатыр. Тамыз айынан бері 13 мыңнан астам дабылқаққыш орнатылды», — деп жалғастырды ол.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026