Шевченко Стокгольмдегі турнирдің екінші айналымына шықты
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко (107) Швецияда өтіп жатқан Stockholm Open (ATP-250) турнирінің алғашқы айналымында франциялық Адриан Маннариноны (59) сенімді түрде жеңді. Кездесу 6:1, 6:3 есебімен екі сетте аяқталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бастапқыда Шевченко Люка ван Ашпен ойнауы тиіс еді, бірақ ол сырқаттануына байланысты жарыстан шығып, орнына «лаки-лузер» мәртебесімен Маннарино өнер көрсетті. Қазақстандық спортшы қарсыласын 1 сағат 9 минутта жеңіп кетті.
Шевченко ширек финалға шығу үшін турнирдің қолданыстағы чемпионы, норвегиялық Каспер Руудпен (18) кездеседі. Жүлде қоры 723,4 мың еуроны құрайтын турнирде ол Александр Бублик жоқта ел намысын жалғыз өзі қорғап жатыр.
Стокгольм ашық чемпионаты 1969 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінде Stockholm Open – ATP турының жабық корттарда өтетін ең көне теннис турнирі.
Әр жылдары Швеция астанасындағы бұл кубокты Артур Эш, Джон Макинрой, Бьерн Борг, Стефан Эдберг, Иван Лендл, Борис Беккер, Горан Иванишевич, Роджер Федерер, Стефанос Циципас және басқа да атақты спортшылар жеңіп алған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026