Ақтау, Павлодар мен Петропавлда жылуға қатысты шағым көбейді
Елдің бірқатар өңірінде тұрғындар үйлеріне жылудың уақытылы берілмеуіне шағымданып жатыр. Олардың қатарында Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары бар. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымына жедел әрекет етуді тапсырды.
Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде ол барлық өңірде жылу беру маусымы басталғанын, ал жаз айларында жылу және электр желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Соған қарамастан, кейбір тұрғындар әлі де жылуға қатысты мәселелерге тап болып отыр.
«Өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр қыс мезгілінде авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыруды, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Бұған қоса, әкімдіктер көмірдің халыққа тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауы керек.
Үкімет басшысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы кадр мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жаңа электр станциялары мен желілерін салумен қатар, қолданыстағы нысандарды жаңғырту үшін білікті мамандар қажет.
Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту және Энергетика министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, саладағы маман тапшылығын шешуге арналған нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Бектенов әсіресе атом энергетикасын дамыту жоспарларын ескере отырып, кәсіби мамандардың сабақтастығын қамтамасыз ету және тұрақты кадрлық резерв қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кесте бойынша аяқтап, қажетті жабдықтардың резервін әзірлеуі тиіс.
Тағы да оқыңыз: Бектенов Абай облысы әкімінің орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 қараша 2026