Баланы балабақшадағы зорлық-зомбылықтан қалай қорғаймыз - психолог кеңесі
Қазір қоғамның талқысына түсіп жатқан ең басты мәселелердің бірі — балаға көрсетілетін зорлық-зомбылық. Дегенмен мамандардың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу мүмкін. Ол үшін ең бастысы – балаларға оның жеке шекарасын түсіндіріп беру қажет. Осы орайда психолог Инна Щукина баланың мінез-құлқындағы қандай өзгерістер ата-ананы алаңдатуы тиіс екендігін, балалармен жағымсыз жағдайларды қалай талқылау керектігін және оларға ерте жастан бастап өз денесіне деген жеке шекараларды қою туралы айтып берді.
Баланың балабақшаға қалай бейімделіп жүргенін оның мінез-құлқындағы өзгерістерден байқауға болады. Бақшаға бейімделу кезеңінде бала жаңа ортаға жайлап бауыр басады. Тәрбиешілерімен, басқа балалармен тіл табысып, ата-анасымен жыламай қоштасуды үйренеді. Уақыт өте келе жылағаны басылып, бойындағы үрейі де тарайды.
Психологтың айтуынша, егер бала ортаға бейімделу кезеңінен жақсы өтіп, бірақ кейін қайтадан жылап немесе балабақшаға барғысы келмесе, агрессия белгілері байқалса бұған бей-жай қарауға болмайды.
Сондай-ақ баланың бұл қарсылығы белгілі бір адамдарға немесе оқиғаларға байланысты ма, жоқ па? Соны байқап жүрген жөн. Егер ол жағымсыз жағдайды немесе біреудің ренжіткенін айтса, оны бірден еркелікке балай салуға болмайды.
«Мұндай жағдайда сабыр сақтап, балаға болған оқиға туралы өзіне айтып беруге мүмкіндік беру маңызды. «Мұнымен не айтқың келді?», «Одан кейін не болды?» деген ашық сұрақтар қойыңыз. Өз нұсқаларыңызды ұсынбаңыз және жауаптарды дауыстап бермеңіз, себебі, бала бәрін өз сөзімен айтып беруі маңызды», – дейді маман.
Ең алдымен, ата-ана баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуы тиіс. Бұл ретте сабыр сақтап, асығыс қорытынды жасамау маңызды. Ересектердің үрейі балаға берілуі мүмкін.
Тіпті, баланың ұйқысы мен тәбетінің болмауына мән беру қажет. Егер бала түнде ояна бастаса, қорқынышты түстер көретінін айтып шағымданса, үйреншікті тамақтан бас тартса алаңдауға асығыңыз. Сонымен қатар балабақшада ата-анасымен қоштасқан кезде кенеттен үрейлене бастаса, мұны да назардан тыс қалдырмаған жөн.
Психолог баланың ойыншықтармен қалай ойнайтыны, қандай сюжеттер мен диалогтар пайда болатынын бақылауға шақырды.
«Егер ойындарда бұрын байқалмаған агрессия, зорлық-зомбылық немесе сексуалды лексика пайда болса, бұл жағдайға мұқият үңілген дұрыс», – дейдә ол.
Эмоционалдық жағдайдағы өзгерістерге де назар аударыңыз. Мәселен, бала тұйық, үрейлі немесе агрессивті болуы мүмкін. Кейде керісінше шамадан тыс мойынсұнғыш болып, бәріне келісе кетеді.
Соңында, баланың физикалық жағдайын қадағалау керек.
Іштің немесе бастың түсініксіз ауыруы, жүрек айнуы, көгерген жерлер, жарақаттар мен тітіркенулер, соның ішінде жыныс аймағындағы өзгерістер.
Дегенмен бұл белгілердің біреуі ғана баланың зорлық-зомбылыққа тап болғанын толық дәлелдей алмайды. Бұл орайда барлық өзгерістерді кешенді түрде ескеріп, олардың себебін сабырмен анықтау маңызды.
Оқи отырыңыз: Өзбекстанда балаларға жыныстық зорлық көрсеткендерге жаза күшейтілді
Бала өзін қауіпсіз сезініп, балабақшада не болып жатқанын ата-анасына айтудан қорықпауы маңызды. Ол үшін ересектер сабыр сақтап, оның сөздеріне тым қатты реакция жасамауы тиіс. Егер бала ата-анасының оның әңгімелерінен үрейлене бастағанын көрсе, ол тұйықталып, ішкі сезімдерімен бөлісуді тоқтатуы мүмкін.
«Әңгімені мысалы ұйықтар алдында, емін-еркін жағдайда өткізген жөн. Біреудің ренжітіп-ренжітпегені туралы тікелей сұрақтардың орнына «Бүгін қызық нәрсе болды ма?», «Кіммен ойнадың?», «Сені ренжіткен бірнəсе болды ма?» деген сұрақтар қоюға болады. Баланың кез келген жауабын сабырмен қабылдау, ал естігендерді әңгімеден кейін ғана ой елегінен өткізу маңызды», – дейді маман.
Баланың күні туралы көбірек білудің тағы бір тәсілі — оның ойындарына араласу. Балабақша болып бірге ойнауға, тәрбиешіні немесе басқа балаларды бейнелеуге және баланың кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты қалай құратынын бақылауға болады.
Мектепке дейінгі жастағы балаларға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық туралы ақырындап айтып, сөйлесуге болады. Бірақ баланы шошытып алмас үшін, барлық егжей-тегжейге тоқталу міндетті емес. Бастысы балаға жеке шекараларын қорғауға үйрету керек.
Бала өзінің денесі өзіне тиесілі екенін және ешкімнің оның рұқсатынсыз ұстауға хақысы жоқ екенін түсінуі тиіс. Сондай-ақ іш киім ережесін түсіндіру маңызды, яғни интимдік жерлерді басқаларға көрсетуге болмайтынын және баладан бөтеннің интимдік жерлеріне қол тигізуге болмайтынын айту керек.
Біреудің іс-әрекеті ұнамаса, балаға соны ашық айтуды үйрету керек. Мәселен, «Маған бұл ұнамайды», «Мен мұны жасағым келмейді» деп нақты айта білу тиіс. Бірақ бұзушылық жасаған адам бас тартқаннан кейін де тоқтамауы мүмкін екенін түсіндіру маңызды. Мұндай жағдайда бала болған оқиға туралы қауіпсіз ересек адамға — ата-анасына, әжесіне, атасына немесе өзі сенім артатын басқа адамға айтып беруі тиіс.
Бұл ретте адамдарды жақсы және жаман деп бөлуге немесе қауіп тек бейтаныс адамдардан ғана шығады деп түсіндіруге болмайды. Баланың жеке шекараларын ол танитын адамдар, тіпті басқа балалар да бұзуы мүмкін. Ересектер үшін мұндай жағдайларға назар аударып, егер баланың шекарасы бұзылса, араласу маңызды.
Жеке шекаралар мен дене қауіпсіздігі туралы балабақшаға барардан бұрын, ең ерте жастан бастап айтқан жөн. Күнделікті өмірде оған жағымсыз жанасулардан, құшақтасудан және сүйісуден бас тарта алатынын және «жоқ» деп айтуға құқығы бар екенін түсіндіру маңызды.
Қарапайым нәрселерден бастауға болады: дене мүшелерін өз аттарымен атау, бұл тақырыпты тыйым салынған тақырыпқа айналдырмау және баланы күтіп-баптау кезінде қауіпсіздік ережелерін түсіндіру.
Бұл ретте ересектердің өздері баланың шекараларын құрметтеуі маңызды: оны құшақтамас немесе сүймес бұрын рұқсат сұрау және бас тартуды сабырмен қабылдау. Бұл туыстармен немесе қонақтармен қарым-қатынасқа да қатысты: бала біреуді өз еркінен тыс құшақтауға және сүйуге міндетті емес.
Соңында, біреу оның шекарасын бұзса немесе бір жағымсыз нәрсе жасауға мәжбүр етсе, бала кімге жүгіну керектігін білуі тиіс. Онымен бірге нақты қауіпсіз ересектерді — ата-анасын, атасы мен әжесін, басқа жақын адамды немесе ол сенім артатын және оны қорғай алатын педагогты анықтап алу керек.
Сондай-ақ балаға, егер ол болған оқиғаны айтқан ересек адам оған сенбесе немесе көмектеспесе, не істеу керектігін түсіндіру маңызды. Мұндай жағдайда қауіпсіз ересектер тізіміндегі басқа адамға жүгіну қажет. Бала көмек пен қолдау сұрай алатын кем дегенде үш сенімді адамды алдын ала анықтап қойған дұрыс.
Басты қателіктердің бірі — баланың сезімдерін елемеу. Мысалы, ата-аналар: «Бәрін өзің шығарып алдың», «Ештеңе етпеді, қорқынышты емес» дегенде немесе басқа адамның әрекетін оның жай ғана баланы құшақтағысы келгенімен ақтағанда орын алады. Денеде көрінетін жарақаттардың болмауы ешқандай жаман нәрсе болған жоқ дегенді білдірмейді.
Тағы бір қателік — баладан болған оқиға туралы тым егжей-тегжейлі және бірнеше рет сұрап, одан жағдайды қайта-қайта айтып беруді өтіну. Бұл оның уайымын күшейтіп жібереді.
Сондай-ақ болған оқиға үшін балаға жауапкершілікті артуға, оны айыптауға немесе ұялуға болмайды. «Неге ертерек айтпадың?» немесе «Неге бұлай істедің?» деген сияқты фразалар оның өзін кінәлі сезінуіне мәжбүрлеуі мүмкін.
Соңында, баланың әңгімесін бөтен адамдармен талқыламау керек. Бала ата-анасына өте жеке және ауыр нәрсені сеніп тапсырады, сондықтан оның сеніміне ұқыпты қарау және бұл ақпаратты қажетсіз жария етпеу маңызды.
Ең алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Егер жарақаттар, көгерулер немесе қатты ауырсыну болса, медициналық көмекке жүгіну керек, қажет болған жағдайда шұғыл қызметтерді шақыру қажет.
Сабырлы жағдайда баланы тыңдаңыз, оған қысым жасамаңыз және барлық мән-жайды өзіңіз анықтауға тырыспаңыз. Күнді, жағдайды және баланың әңгімесін оның өз сөзімен тіркеп алыңыз, содан кейін бұл ақпаратты тиісті мамандарға беріңіз.
Мүмкіндігінше баланың байланысын күдік тудырған адманан шектеңіз. Оған болған оқиғаны қайталап айтуға мәжбүрлемеңіз: мән-жайларды арнайы дайындалған мамандар анықтауы тиіс.
Ата-ананың басты міндеті — баланы қолдау және оның болған оқиғаға кінәлі емес екенін және ересектердің оған көмектесуге дайын екенін түсіндіру. Қажет болса, балаға бастан кешірген жағдайды жеңуге көмектесетін балалар психологіне хабарласыңыз.
Бұған дейін, Абай облысында ерекше күтімді қажет ететін балаларға 100-ден аса зорлық-зомбылық жасалғаны анықталған еді.
- Соңғы
- Қазан, 22
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қазан 2026