«Қайрат» грекиялық «Панатинаикостан» ірі есеппен жеңілді
Алматылық «Қайрат» футбол клубы УЕФА Конференция лигасының негізгі кезеңіндегі екінші ойынында Грекияның «Панатинаикос» командасынан 1:5 есебімен жеңілді.
22 қазанда Алматыда өткен кездесуде қонақтар алғашқы минуттардан-ақ басымдық танытты. Матчтың 6-минутында Висенте Таборда есеп ашып, грек клубын алға шығарды. Ал 24-минутта Сирил Дессерс пенальтиден гол соғып, есеп айырмасын екі допқа жеткізді.
29-минутта «Панатинаикос» шабуылшысы Андреас Тетте тағы бір мәрте қақпаны дәл көздегенімен, бейнеқайталаудан кейін төреші офсайд тіркеп, голды есепке алмады.
Бірінші таймның соңына қарай екі команда ойыншылары да ескерту алды. «Қайрат» сапынан Еркін Тапалов пен Александр Мрынскийге, ал қонақтардан Эрик Палмер-Браунға сары қағаз көрсетілді. Үзіліске командалар 0:2 есебімен кетті.
Екінші тайм да алматылықтар үшін сәтсіз басталды. 47-минутта Сирил Дессерс дубль авторы атанып, есепті 0:3-ке жеткізді. Араға он минут салып Кароль Свидерскийдің орнына алаңға шыққан Кангва төртінші голды соқты.
75-минутта Эдди Растодер «Панатинаикостың» бесінші добын енгізіп, есепті 0:5-ке жеткізді.
Дегенмен «Қайрат» кездесуді голсыз аяқтаған жоқ. 79-минутта Александр Широбоковтың әдемі пасынан кейін Исмаил Бекболат қарсылас қақпасын дәл көздеп, есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша алматылық клуб өз алаңында 1:5 есебімен жеңіліп, Конференция лигасының негізгі кезеңіндегі екінші кездесуін сәтсіз аяқтады.
Алғашқы ойында латвиялық Ригамен тең түскен еді.
- Соңғы
- Қазан, 22
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қазан 2026