Францияда жаңа қақтығыс болуы мүмкін: Макрон шұғыл кеңес өткізіп жатыр
24 қазан, сенбі күні Парижде қақтығыстардың жаңа толқыны болуы мүмкін. Осыған орай Эммануэль Макрон Елисей сарайында арнайы қызметті жинап, шұғыл жиын өткізіп жатыр, деп жазады Kursiv.Media Euronews-ке сілтеме жасап.
Француз құзырлы органдары 24 қазанда өткен сенбіге қарағанда ауқымды шеру болуы мүмкін деп болжап отыр. Осыған орай ең жоғары деңгейдегі отырыстар өтіп жатыр.
Ел президенті Эммануэль Макрон премьер-министр Себастьен Лекорню, тиісті министрлер және құзырлы органдардың қатысуымен 22 қазанда қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген. Үкімет «барлау қызметі, болжам жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің» жұмысын бағалайды. Жиыннан кейін Макрон тағы бір мәлімдеме жасайды деген хабар бар.
Француз билігі 17 қазандағы қақтығыс кезінде қарулы күштер лайықты деңгейде әрекет ете алмағанын және сол күнгі қақтығыстардың ауқымын дұрыс бағалай алмағанын да мойындады. Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің сөзінше, бастапқыда көшеге 200 мыңдай адам шығады деп болжаған. Бірақ іс жүзінде ереуілге 550 мыңнан 800 мыңға дейін адам шыққан. Тәртіпсіздіктерді реттеуге ел бойынша 60 мың полицей жұмылдырылды, бірақ ол күш вандализм актісінің алдын алуға мүмкіндік бермеген.
Енді 24 қазанда тәртіп сақшыларынан бөлек жандармерияның RAID, GIGN және BRI тәрізді элиталы бөлімшелері, сондай-ақ Қарулы күштердің әскери қызметшілерін де тартпақшы.
Премьер-министр Себастьен Лекорню қақтығыс кезінде ең қатты зардап шеккен Париж, Лион және Марсель қалаларының мэрлерін де қабылдамақшы. Оларға жеке көңіл бөлуге себеп те жоқ емес. Апта басында аталған үш қаланың әкімі Грегори Дусе, Эмманюэль Грегуар және Бенуа Паян жергілікті басылымның біріне арнайы мақала жариялаған. Онда шенеуніктер азаматтық белсенділік көріністеріне «үйренгенімен», қақтығыс кезінде қорғансыз қалғандай сезімде болғандарын» жазады.
Үш қаланың басшысы солшыл күштерден «тәртіп сақтау стратегиясы бойынша тәуелсіз комиссия құрып», бұзылған инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін «төтенше жағдайларға арналған жалпыұлттық ынтымақтастық қорын» құруды талап етіп отыр.
Қыркүйектің соңында жасөспірімдердің наразылық акциясынан басталған шерудің соңы қақтығысқа ұласты. 17 қазанда елдің бірнеше қаласында өте үлкен тәртіпсіздіктер болды. Әсіресе, Парижде бетін бүркеген адамдар дүкендердің терезесін сындырып, тонап, кейбір ғимараттарға өрт қойды. Наразылық акциялары Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль қалаларында да болып өтті.
Осыдан кейін 18 қазанда Макрон мәлімдеме жасап, тәртіпсіздіктерге қатысқандарды жазалауға уәде берді. Бірнеше қалада коменданттық сағат енгізілді. Қаржы сарапшыларының бағалауынша, ереуілдің шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін.
- Соңғы
- Қазан, 22
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қазан 2026