Арсен Томский Pony.ai және NVIDIA-мен бірге ұшатын таксилерді іске қоспақшы
inDrive, Pony.ai және NVIDIA компаниялары Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметін іске қосу мүмкіндігін қарастыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жобаны алдымен Астанада іске қосу жоспарланып отыр. Жолаушылар мұндай таксиге inDrive қосымшасы арқылы тапсырыс бере алады деп жазады Kursiv Media.
Әзірге жобаның нақты іске қосылатын уақыты белгісіз. Серіктестер алдымен жобаны жүзеге асыру жоспарын әзірлеп, технологиялық мүмкіндіктерді, қызметті ұйымдастыру мәселелерін және заңнамалық талаптарды бағалайды. Жүргізушісіз такси Қазақстан үкіметімен келісілгеннен кейін ғана жұмысын бастауы мүмкін.
Жоба аясында Pony.ai компаниясы жетінші буындағы Gen-7 роботаксилерін ұсынады. inDrive сапарларға тапсырыс беру платформасы мен қызметті ұйымдастыруға жауап береді. Ал NVIDIA технологиялық қолдау көрсетеді. Жобада NVIDIA Hyperion платформасы мен NVIDIA Halos қауіпсіздік жүйесі қолданылады.
Бұл – автономды басқарудың төртінші деңгейіндегі көліктер. Яғни олар арнайы белгіленген аумақтарда жүргізушінің қатысуынсыз қозғала алады.
Компаниялардың мәліметінше, Pony.ai технологиясы Қытайдың ірі қалаларында жүргізушісіз коммерциялық тасымал кезінде сынақтан өткен. Сондай-ақ компания өз технологияларының Еуропа, Таяу Шығыс және Азия нарықтарында қолданылып жатқанын мәлімдеді.
Қазақстандағы жобаның алғашқы алаңы Астана болады. Қызмет іске қосылғаннан кейін серіктестер оны еліміздің басқа қалаларында және inDrive жұмыс істейтін өзге нарықтарда іске қосу мүмкіндігін қарастырады.
inDrive компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский жобаның мақсаты – жүргізушісіз таксидің Қазақстан жолдарында қалай жұмыс істейтінін және оның жолаушылар мен жүргізушілерге қандай мүмкіндіктер ұсынатынын тексеру екенін айтты.
Ол Астананың климаттық ерекшеліктеріне де назар аударды. Қалада қыс ұзаққа созылып, қар қалың жауады. Мұндай жағдайда жүргізушісіз көліктердің жұмыс істеу мүмкіндігі маңызды сынақ болмақ.
«Егер автономды көліктер Астананың қысқы жағдайында сенімді жұмыс істей алса, бұл олардың мүмкіндіктерін жақсы сынақтан өткізіп, технологияны климаты қатал басқа өңірлерде қолдануға дайындауға көмектеседі», – деді Томский.
Pony.ai компаниясы да технологияны жергілікті жағдайға бейімдеуді жоспарлап отыр. Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Джеймс Пэн Қазақстанды Орталық Азиядағы жаңа нарықта жүргізушісіз көліктерді енгізуге мүмкіндік беретін ел ретінде бағалады.
Ал NVIDIA өкілдері жүргізушісіз такси қызметін дамытуда қауіпсіздік пен жасанды интеллект жүйелерінің нақты жол жағдайында дұрыс жұмыс істеу қабілеті басты назарда болуы керектігін атап өтті.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
- Қазан, 22
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қазан 2026